04 декабря Воскресенье10:15
Астана
°C
Текущий номер
№ 46 Пятница
25.11.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Қазақстанның өсімдіктер әлемі

Қазақстанның өсімдіктер әлемі. 
Оның Қызыл кітапқа енгендері.
 Фото: webmandry.com
Оның Қызыл кітапқа енгендері.
Дүние жүзінде экологиялық ахуалдың нашарлауынан жылдан-жылға көптеген өсімдік түрлері жойылып барады. Соған сәйкес, Қазақстан Үкіметі 1978 жылдың қаңтарында Қызыл кітапты дайындау (құру) туралы қаулы қабылдаған-ды. Содан, Б. А. Быковтың жетекшілігімен 1981 жылы мүк, қына, саңырауқұлақтарды қоса есептегенде құрамында (тізімінде) өсімдіктердің 300-ден астам түрлері бар Қызыл кітап жарық көріп, көп ұзамай оның екінші басылымы әзірленгенінде оған енді өсімдіктердің 400 түрі енгізілді де. Сөйтіп, бұл өсімдіктер қорғауға алынады. Біз енді еліміздің Қызыл кітабына енген өсімдіктер туралы сыр толғап, олардың табиғатымен оқырмандарды таныстырмақшымыз.
Өздеріңізге белгілі, Қызыл кітаптың төніп тұрған қауіп-қатерден сақтандыру дабылы екені. Егерде оған енген өсімдіктер заңсыз жиналып, өртеліп, жойыла берсе, келешекте ол еліміздің жерінен біржолата жойылып кетуі де мүмкін. ҚР үкіметінің 2001 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы бойынша, Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктер заңсыз жиналса немесе зақымданса, әрбір данасы үшін 360 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Сирек кездесетін өсімдік түрлері Қазақстанның 10 қорығы мен 8 ұлттық саябақтарында, көптеген арнайы қорықшаларда, ал мәдени жағдайда – ботаника бақтарында қорғалып, күтіледі. Біздің республикамызда басқа елдерде кездеспейтін, жабайы өскен қалпында әлі күнге дейін сақталып келген өсімдіктер бар. Ботаниктер оларды эндемиктер деп атайды. Әсіресе, бұлардың реликті түрлері, яғни ежелгі дәуір қалдықтары болып саналатыны өте қызықты да әдемі. Бұрын көп таралса, қазір тіршілік ортасы табиғатының өзгеруіне байланысты көбі жойылып, жекелеген өңірлерде ғана аз мөлшерде сақталып қалған. Солардың бірі – Жетісу күрең көкгүлі, палеогеннің ежелгі флорасының қалдығы, жасы 30 миллион жылға жетеді.
Қалқан асаймұса. Ұшқаттар тұқымдасы. Мәртебесі: Қазақстанда сирек кездесетін түр, өзінің таралу аймағының солтүстік шекарасында өседі. Қырғыз Алатауының тек батыс бөлігінде – Мерке және Қайыңды тау сайларының баурайларында кездеседі. Популяциясы аз, олардың көлемі 50 гектардан аспайды. Қазақстаннан тыс Тянь-Шаньның басқа аймақтарында, көбіне батыс бөлігінде таралған. Сәндік бұта (биіктігі 3 метрге дейін), жапырақ пішіндері әртүрлі және көптеген ақшыл қызғылт түтік гүлдері қалқанша тәрізді гүл шоғырына жиналған. Бұтақтары өте ерекше – ұзына бойы алты бөлікті ойлы-қырлы қабықты. Өте берік ағаш, ұсақ әшекейлер мен асатаяқтар жасайды. Осыдан барып оның түрікше аты – «асай-мүсей» немесе Моисей асатаяғы шыққан. Табиғатта өрттен зардап шегеді және барлық жерде қорғауды қажет етеді. Мәдени түрде жақсы өседі. Тұқымы арқылы өседі, көшеттері үшінші-төртінші жылдары гүлдейді. Мәдени түрде өсіруді кеңейтіп, көгалдандыру жұмыстарында пайдалану керек.
Кәдімгі өрік. Раушан гүлділер тұқымдасы. Мәртебесі: таралу аймағы тарылып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Жекелеген ағаштар немесе шағын тоғайлар болып өседі. Ортаңғы және төменгі тау белдеулеріндегі оңтүстік тасты және шағыл тасты беткейлерді ұнатады. Ең жақсы тоғайлары Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауының Оңтүстік баурайларында 700 гектар жерді алып жатыр. Кәдімгі өрік Кетпен тауында, ал Қазақстаннан тыс Тянь-Шаньның басқа аймақтарында да кездеседі. Қытай тауларында да бар, таралу аймағының жекелеген бөліктері – бұл түрдің ертеде пайда болғанының куәсі. Жаңғақ жемісті бағалы өсімдік, мәдени сорттар алу үшін құнды нысана. Мөлшері, дәмі, түсі және жемісінің пісу уақтысы жағынан көп ерекшеленеді. Бұл – әдемі сәндік өсімдік, әсіресе гүлдеу кезеңінде (сәуір-мамыр) және күзгі жапырақтарының түсі (қыркүйек-қазан) тау көрінісіне әр береді. Мәдени түрде республиканың оңтүстігінде кең өсіріледі. Алматы қорығында, Іле Алатау ұлттық паркінде жабайы өріктер қорғалады. Басқа жерлерде адамның шаруашылық әрекеттерінің әсерінен (саяжай құрылыстары, мал бағу, өрттер т. б.) зардап шегеді. Қотырбұлақ сайындағы (Алматы қаласының маңы) өріктер ерекше қорғауды қажет етеді.
Ірі жапырақты алкор. Күрделі гүлділер тұқымдасы. Мәртебесі: жеке типті туыстың сирек кездесетін түрі. Қаржантау, Угам жотасы мен Талас Алатауының төменгі және ортаңғы белдеулерінде кездеседі. Қазақстан жерінен тыс Батыс Тянь-Шань мен Памир-Алтайда таралған. Бұл көпжылдық қалың шөптесін өсімдіктің биіктігі 1 метр, ол қуаң шағыл тасты және сұр шөгінді тасты беткейлерді жандандыра түседі. Жиі аршалы ормандар мен малта тасты арналарда кездеседі. Терілі бөліктенген жапырақтарының күшті хош иісі болады. Өсімдіктің басқа бөліктеріндегі сияқты, олардың құрамында да әртүрлі дәрумендер, эфир майлары бар және оларды тартымды, хош иісті ас қатығы ретінде пайдаланады. Алкор әсіресе Өзбекстанда көпшілікке белгілі, оны Жорыққа шыққанда сүттің бұзылмауы үшін ертеден пайдаланған. Алкордың 2–3 жапырағы немесе 2–3 гүл шатыры бір литр сүтке хош иісті дәм береді және 10–12 күн бойы сақталуын қамтамасыз етеді. Алкор ежелден (Авиценна уақытынан бері) дәрілік және азықтық өсімдік ретінде белгілі. Бірақ түрдің табиғаттағы қоры шектеулі, сондықтан өзбек ботаниктері оның мәдени өсіру жолдарын тапты. Ол құнарсыз жерлерде суарусыз жақсы өседі. Екпе көшеттері екінші-үшінші жылы гүлдейді, эфир майларын алу және мал азығы үшін көп дәрумендерді жасыл өсімдікті бірінші жылы шабуға болады. Және де ол осы жылы-ақ өсімді де пайдалы. Алкорды гүл алаңдары мен демалыс орындарында топ болып өсетін сәндік өсімдік ретінде ұсынуға болады. Ақсу-Жабағылы қорығында қорғалады.
Жетісу күреңкөкгүлі, қызыл адыраспан. Бигониялар тұқымдасы. Мәртебесі: өте сирек кездесетін, тар эндемикті, жеке типті туыстың жоғалып бара жатқан қалдық түрі. Шу-Іле тауларының бірнеше жерінен (Қопалысай өзенінің жоғарғы жағы, Ащысу, Ақшоқы, Айдерке, Аңдысай, Ұзынбұлақ сайлары) кездеседі. Керемет өсімдік, үштік дәуірдің ежелгі тропикалық флорасының қалдығы. Бірінші рет 1909 жылы Недзвецкий бастаған Жетісу облыстық санақ басқармасы экспедициясына қатысқан Лютик деген студент жинаған. Осы жеке типті туыс Недзвецкидің құрметіне аталған, оны 1915 жылы Б. А. Федченко сипаттап жазған. Бұдан кейін бұл өсімдікті бірнеше рет (1925, 1936, 1960) тапты және қайта жоғалтып алды. Л. В. Денисова мен Л. С. Белоусовтың 1974 жылы жарық көрген кітабында былай деп жазылыпты: «...Шу-Іле тауларының 2–3 жерінен табылды, бірақ одан әрі іздегенмен еш нәтиже шықпады. Мүмкін бұл сирек кездесетін өсімдік құрып біткен болар». Дегенмен, 1975–1976 жылдары бұл өсімдікті Алматы ботаниктері, соның ішінде Б. А. Винтерголлер түрдің үлкен көлемде өскен жерін (7 гектар, саны 28 мың) тапты.
Көшеттері алғашқы жылы гүлдеп, 16–25 жыл бойы жеміс береді. Жекелеген үлкен бұталары ірі қара қошқыл-күлгін түтікті 350 гүлге дейін салады. Сүйірленген тісті-қанатты қауашақты жемістері әдемі көрінеді.
Көктем жанаргүлі. Қазақстанда сирек кездесетін түр. Республиканың тек солтүстігі мен солтүстік-шығысында Алтай мен Тарбағатайға дейін кездеседі, бірақ Оңтүстік Сібір мен Еуропада кең таралған. Көктемде гүлдейтін көпжылдық шөптесін өсімдік Гиппократ кезінен дәрілік өсімдік екені белгілі. Қазіргі уақытта гүлдеу кезеңінде жинаған жер үсті бөлігінен жүрек дәрісін алады. Жаппай жинау өсімдікті азайтып отыр, сондықтан жинау тәртібін реттеп, түрдің табиғаттағы жағдайына бақылау жасау керек. Мәдени түрде жақсы өсіріледі. Сарғалдақтар тұқымдасы.
Шолпаншаш сүмбілі. Жекелеген оқшау популяциялары Жоңғар Алатауды, Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Жалпы Орта Азиядан басқа Оңтүстік Еуропада, Қырымда, Кіші Азияда кең таралған. Тіршілік ету ортасының өзіндік ерекшелігімен сипатталады, яғни көлеңкелі ылғалды ізбесті және сарқырамаға жақын, жылғалар жағалауындағы тау тыныстары шатқалында өседі. Өте әдемі, әсем де нәзік қырыққұлақ. Сүмбілділер тұқымдасы.
Мияжапырақ таспа. Қазақстанда сирек кездесетін, қалдық түр. Бұршақтар тұқымдасы. Тек Алтайда (Ульба, Уба және Бұқтарма өзені аңғарларында) кездеседі. Республикадан тыс Еуропаның орманды аймақтарында (Кавказды қосқанда) және Батыс Сібірде таралған. Үштік дәуірдің орман қалдығы. Ұзын жайылған жапырақтары (бір метрге дейін) мен жасыл-сары гүлдері бар өңсіз көпжылдық өсімдік. Жемісі өте ерекше – сыртқы құрылысы крестгүлділер бұршақ қынына ұқсас, ұзын, үшқырлы – сызықты бұршақ. Дәрілік және азықтық өсімдік. Мәдени өсіруде келешегі зор.
Мамыр қынжыгүлі. Таралу аймағының оңтүстік шекарасында орналасқан. Орал облысының тек Солтүстік бөлігінде кездеседі. Небары оқшау орналасқан алты жерде белгілі: Ақсуат, Петрово, Жайық маңы, Кирсанова, Мангелді сайы мен Жайық өзенінің оң жағалауы (Орал қаласы мен Ақжайық елді мекені арасы). Қазақстан жерінен тыс Еуропаның орманды аймақтарында (Қырым мен Кавказды қосқанда) таралған. Емен-қарағашты және басқа жапырақты ормандарда, орман шетінде, бұталар арасында өседі. Өте тартымды және көпке мәлім сәндік өсімдіктің гүлдеу кезеңі ұзақтау – 15–20 күнге созылады. Лалагүлдер тұқымдасы.
Қабықты жалынгүл. Мәртебесі: Қазақстанда сирек кездеседі. Қаржантау мен Угам өзені аңғарында шағын жерде ғана бар. Қазақстан жерінен тыс Жерорта теңізі, Қырым, Кавказ, Иран, кіші және Орта Азияда кең таралған. Құрғақ беткейлерде, аласа таудағы сиретілген пыста мен қалың бұталар арасында өседі. Тау көрінісін әшекейлейтін әдемі сәнді көпжылдық өсімдік. Қалампырлар тұқымдасы.
Қауырсынды қау. Саны мен таралу аймағы қысқарып бара жатқан түр. Барлық далалы аймақтарда, батыс шекарасынан Алтай тауына дейін кең таралған. Қазақстан жерінен тыс Еуропа, Оңтүстік Сібір, Кавказ, Алдыңғы Азияда таралған. Құрғақ таулы беткейлерде, орман шетінде және далаларда өседі. Жеңіл құмды топырақтарды ұнатады, сирек сазды топырақта да кездеседі. Астық тұқымдасы.
* * *
Редакциядан: Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер сұлу да ерекше бітім, түр-түске ие. Сүйсіне қарап, тамашалай бергің келеді. Тек, қазақ даласының көркі – көптеген гүлдеріміз бен қызғалдақтарымызды кезінде Ресейдің, шет елдің зерттеушілері хаттап, суретке түсіріп, халыққа көрсеткендіктен, табиғатын сипаттап жазғандықтан көбіне өзге ұлт өкілдерінің – зерттеушілерінің аты берілген. Ал, олардың қай-қайсының да ежелгі атауы бар. Біздіңше, қазір сол қазақы атауларын қайта тірілткеніміз жөн.


05.09.2016 915
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA