03 декабря Суббота2:02
Астана
°C
Текущий номер
№ 46 Пятница
25.11.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Көкпар тарту

Көкпар тарту. 
Ұлттық ат спорты ойыны.
 Фото: surak.szh.kz
Ұлттық ат спорты ойыны.
Бұрындары қазақ халқының үш жүзге сауын айтқан үлкен асы да, торқалы тойлары мен мерейлі мерекелері де ұлттық ат спорты ойындары — бәйге, жорға жарысы, қыз қуу, аударыспақ, ат үстінде жерден теңге алу, жамбы ату, көкпарсыз өтпейтін-ді. Қазір де көп аймақта бұл дәстүр сақталғанымен, енді көкпар жеке сайыс ретінде арнайы ұйымдастырылып, облыстық, республикалық жарыс ретінде өткізілуде. Және оған арнайы командалар ғана қатысатын болды...
Қазақ байырғы заманнан бері жылқымен бірге өскен халық. Содан жылқы мінезді. Ата-бабаларымыздың кей ұлт, ұлыс өкілдеріндей астындағы атына оң жағынан емес, сол жағынан мінуінің өзі олардың жауынгер халық екендігін танытады. Өйткені атқа сол жағынан қарғып, үзеңгіге аяғын салып мінгенінде сол қолымен жалынан, үстіндегі ертоқымының қасынан ұстаса, оң қолы жалма-жан қару сілтеуге бос, ыңғайлы болады. Және де қазақтар «Жылқы еті жақпаған ауру адам өледі», — деп өмірбойы өздерінің қорегі жылқының еті мен сүті болғанын айғақтайды.
Қайратты атқа мініп, көкпар тарту — ежелден қазақ халқында ер кіндікті баланың ержетіп, бабаларындай батыл да батыр, епті де төзімді шабандоз, ержүрек жігіт болып қалыптасқанының белгісі еді. Бұрындары көкпаршылар қазіргідей екі топқа бөлініп, бір команданың жігіттері бір-біріне көмектесіп көкпар тартпайтын. Жеке-жеке бақтарын сынап, жүзден жүйрік болып дара шығатын-ды. Ең бастысы, көкпарға тілек білдіріп, денсаулығы жараса (соқыр, шолақ, ақсақ болмаса) ер азаматтардың қай-қайсы да қатыса алатын. Қазір кей жерлерде, кей командаларда көкпар тарту — олжа табу кәсібіне айналып кеткендіктен, олардың командасына кіру оңай емес, бәсекелестік бетіңнен қағады... Сонда көкпардың бүкілхалықтық ұлттық ат спорты ойыны болудан қалғаны ма?
Көкпар тарту тарихынан
Ұлттық ат спорты ойыны көкпардың атауы әубаста «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан, деп түсіндіреді тіл мамандары. Себебі, дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Мұның сыры, семіз серке терісі қаншама тартқыласа да жыртылмайды әрі орташа салмағы көкпар тартуға қажетті салмақ 70—80 келідей болады. Ал басқа малдардың терісі бір-екі айналымға да шыдамай, жыртылып қалады.
Түркі тілдес халықтардың қара шаңырағы — қасиетті қазақ жері болғандықтан, біздің ұлттық ат спорты ойынымыз — көкпар тарту көрші елдерге де кеңінен тараған. Орта Азия халықтарының көбі ойын — той, мейрамдарда ұлттық ойындары ретінде көкпар тартады. Көкпар — қырғыз, өзбек тілінде «улак тартыш», тәжік тілінде «бузқаши». Көкпар тартуға ұқсайтын ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде кездеседі. Солардың бірі — Ауғанстан халқында кең тараған «бузавиш» ойыны. Зерттеушілердің пайымдауынша, алыстағы Аргентина халқында да көкпар тартуға ұқсаған ат спорты ойыны болыпты.
Көкпардың шығу тарихына байланысты мынандай да жорамалдар айтылып, жазылып келеді: «Көкпар — ұлттық ат ойындарының бір түрі. Әуелгі аты «Көк бөрі» сөзінен шыққан. Мал баққан көшпелі халықтар үшін өте қауіпті аң қасқыр (бөрі). Оны соғып алған жұрт қуанып, өлігін ат үстінде сүйрелеген, бір-бірінен алып қашып, тартып тамашалаған. Кейін бұл дәстүрлі ойынға айналған. Бірақ салтанатты жиындарда қасқыр (бөрі) табыла бермегендіктен, көкпарда қой, ешкі, кейде бұзау да тартатын болған» (Н. Ақбай, Дәстүрлі атаулар, Алматы: «Арда», 2005).
Қазақ халқында «Көкпар» атты ұлттық би де бар. Ол ат үстінде көрсетілетін ұлттық спорт ойындары көкпарды, бәйгені, аударыспақты және тағы да басқа ат спорты ойындарын бейнелеп, халық күйі «Қара жорғаның» сүйемелінде орындалады. Қазақ ән-би ансамблінің бишілері (балетмейстері Л. Д. Чернышева) «Көкпар» биін 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде, 1959 жылы АҚШ-та орындап, қазақ көкпарының қандай екенін өнер тілімен әлемге танытты.
Қазақта көкпарға ұқсас, үндес келген ұлттық басқа ойындар да болған. Ол — «қыз бөрі» ойыны. Бұл ойын жөніндегі деректер ХІХ ғасырдағы кейбір қолжазба, мұрағат құжаттарында баяндалады. Мәскеуден 1933 жылы жарық көрген «Игры народов СССР» деген кітапта (сборник материалов, составленный В. Н. Всеволодским — Гернгросс, В. С. Степановой; с введением В. Н. Всеволодского — Гернгросс и Предисловием Н. Маторина) былай деп жазылған: «скачки носят называние «кис бери» (волк-девка). Одна из казахских девушек приглашает юношей из своего и соседних аулов на скачки; в виде цели вбивается в землю кол». Бұл бір жағынан «қыз қууды» елестетсе, екінші жағынан С. П. Толстовтың сипаттағанындай, түрікмендердің үйлену салттарындағы шаралардың көкпармен үндесті барын айқындайды.
Көкпардың тәрбиелік маңызы
Ежелден көкпар тарту — жігіттердің күш-жігерін шыңдау, төзімділігін сынап, күшейту, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастыру, болашақ сарбаз — жауынгер дайындау мектебі болып саналады. Көкпар тарту ұлттық ат спорты ойыны түрінде ғана емес, әскери ойын ретінде де бағаланды. Бұл жөнінде «Туркестанские ведомости» газетінің 1904 жылғы № 58 санында былай деп те жазылған:
«Бір ай бұрын, көктем мейрамында біз көкпар ойынының шым-шытырық таласы мен шиыршық атқан күш-қуатын көрдік. Бұл әскери ойыннан алған әсерлеріміз біздің ойымыздан әсте кетпейді. Іріктелген шабондоздар мықты аттарымен ағызған күйі шаң-тозаң бұлтымен топырлап араласып барады, бірін-бірі итеріп, тепкілескен, тістескен аттар адамдардай саналы түрде айқасады. Адам мен ат тұтастай бірігіп кеткен нағыз кентаврлар, орлардан қарғып, дуал қабырғаларын шаңдатып, суларды шолпылдатып-шашыратып, айнала шапқылайды. Мұны көргенде заманында қазақтар мен өзбектердің арғы бабалары Шыңғысхан мен Темірдің туының астында соғысып, осындай қызыққа батқан ғой деп, еріксіз ойға қаласың. сол заманда әрине, бұл қауіпті ойын кезінде адамдар өліп, аттар ақсап қалса да, бұл дүрбелеңге қатысқандардың қимыл-әрекеттері мен көңіл-күйлері асқақтап, халық рухының асыл қазынасына қосылған баға жетпес үлесі болып табылады. Бұл салттың зияны болса да, пайдасы артығымен өзін-өзі ақтайды».
Қазақтың көкпар тартуына сырттай сүйсінген автор, оның ептілік пен ержүректіліке баулитын өнер, ойын екенін мойыңдайды, көкпар тартуды әскери ойынға балайды. Бұл таным-түсініктің өзіндік негізі де жоқ емес. Өйткені, бұрындары біздің жаужүрек ата-бабаларымыз жоңғарлардың жойқын күшті әскери топтарына қарсы өздерінің де арнайы әскери жасақтарын дайындап, құрғанда оған көкпар тарту, аударыспақ, жамбы ату, ат үстінде найзаласу тәрізді ойын жүлдегерлерін таңдап алған. Бұл жөнінде А. Қалиұлы «Көк бөріден көз жазбаңыз» деген мақаласында («Жас Алаш» газеті, 18 сәуір 2000 жыл) былай деп жазады:
«Біздегі қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түрік қағандығы кезінде «Дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сарапталған батырлар тобы еді. Ол қазіргі тілмен айтсақ, гвардия деген сөз. Әскер тәрбиелеудің осындай әдісі келе-келе көкпар тарту спортына ұласып, халықтық реңк алып кеткен...».
Иә, көкпар тарту — нағыз шабандоз, жүректі де білекті, қайсар да қайраттылар қатысатын сайыс. Қытайдың Шыңжаңындағы қазақтардың қыздары да кезінде көкпар тартып, ерлермен бәсекелесіпті. Бұрындары әр ауылдың көкпаршылары жаз бойы атын баптап, өзін түрлі сынақтардан өткізіп, әбден дайындалып барып күзде көкпар тартуға қатысады екен. Көкпарға кей жерлерде тайынша да тасталып, тартылыпты.Әрине тайынша тарту күштілердің ғана қолынан келетін іс. Бұл жөнінде А. Тоқтабай «Қазақ жылқысының тарихы» деген кітабында (Алматыкітап — 2010) былай деп жазады:
«Әндіжанда түркі елі тайынша тартады, басын кесіп, бір құлағын қалдырып, ішек-қарнын алып тастайды. Көкпаршы мен оның атын сынау үшін ортаға құнан өгізді әкеп тастаған. Көкпаршылар құнан өгізді айналып не қыларын білмей жүргенде, Мақан көкпаршы: «Екі артқа аяқтарының тілерсектерін тесіңдер», — депті. Атпен ағызып келіп қамшыны тілерсектерден өткізіп жіберіп, алдына сарт еткізіп өңгерген. Атын аяңдатып отырып, жанында қиқулаған басқа көкпаршылар бар болыстың алдына алып келіп тастай салады. Болыс өзінің көкпаршысына риза болып, жорға атып сыйға бергені туралы деректер ел ішінде айтылады. Бұл оқиға 1890 жылы болған».
Көкпардағы «көк бөрі» культі
Тарихшылардың дәлелдеуінше, көк бөрі культі мен тотемі өзінің шығуы жағынан архаикалық кезеңге жатады, Қытай деректерінде көк бөрі туралы эфсана ІХ ғасыр тұсынан бастап кезікккенімен шыққан мезгілі тым әріде. Әйгілі «Алпамыс жырында екі құда Байбөрі мен Байсарының көкпарға таласқаны былайша айтылмайды ма: «Байсарының қолынан, Көкбөріні бер деді. Көкбөріні Байсары, Құдаға енді бермеді». Осыған орай кейбір зерттеушілер көкпарда алғашқы тартыс құралы — бөрі-қасқыр болғанға ұқсайды деп жазады. Тек А. Қалиұлы өзінің жоғарыдағы мақаласында былай дейді: «Көкпар тарту әсте «қасқырды кергілек тарту» дегенді білдірмейді. Қайта, «көк бөріше кергілеп тарту», «көк бөрідей үстем шығу», «көк бөрідей» ер болу» дегенді білдіреді. «Көкпар тарту» дегеннің байырғы мағынасы кең, дұрысы міне осы».
Жалпы, түркі халықтарына ортақ «көк бөрі» культі қазақ халқының дәстүрлі ойындарында да, оның ішінде көкпар тартуда және фольклорлық жырлары мен аңыз, ертегілерінде де ерекше көрініс тапқан. Осылайша, көне түркі тайпалары өздерінің шығу тегін көк бөрімен байланыстырып, оны генеологиялық аңыздарда ғана қалдырмай, жарқын іздерін «көкпар», яғни «көкбөрі» ойындарында одан әрі жалғастыра білді. Қазақстан мен Орта Азияда кең тараған көкпар ойынына алғашқылардың бірі болып ғылыми тұжырымдама жасаған С. П. Толстов тіпті, былай деп те жазды: «Волк, как развитие того же тотема собаки, занимает в туркменской этнонимике, как мы видели, достаточно заметные место. При этом с волком мы сталкиваемся не только как с родовым названием, но и как с персонажем свадебного ритуала, именно одного из обрядов этого ритуала, так называемого көк бөрі — голубой волк.
...Этот обряд состоит в том, что невеста, сев в свадебном наряде на коня, берет через седло овцу или козла и скачет, спасаясь от жениха и его товарищей, стремящихся вырвать у нее этого козла. Под этим же названием көк-бөрі — голубой волк — известно широко распространенное в Средней Азий игрище козлодрания».
Көкпар тәртібі, ритуалдың мәні
Негізінен, көкпар жаппай тартыс, дода тартыс, болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі тартып алып, иелік етуге күш салады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түсіп, сайысады. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. О. Ошановтың жазуынша (Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, Алматы, 2005): «Көкпаршылар ойын басталмас бұрын тәртіптеріне келісіп алады. Мысалы: «Орауыс жоқ» («орап шабу жоқ» немесе «орауыс бар», т. с. с.). Орау деп көкпарды тақымның астынан өткізіп, оның аяқ терісімен, кейде аттық қылумен ердің басына орап алатын тәсілін айтады. Мұндай жағдайда көкпарды тартып алу қиынға соғады. Көкпарды додадан жермен сүйретіп алып шығуға тыйым салынады. Көкпаршы адамның атын жетектеп тартуға болмайды, сондай-ақ бас киімсіз көкпарға жіберілмейді».
Көкпар ауылдан алыста өтеді, оған әйелдер бармайды. Қызықтаушылар кілең ер адамдар. Ойынға ақсақалдардан таңдап алынған бірнеше кісі төрелік етеді. Адамның жасына байланысты көкпардың екі түрі болады. Олар: «үлкен көкпар», мектеп жасындағы балалар қатысатын «Бата көкпар». Көкпарда тартылатын малға байланысты өткізілетін сайыстар да жеке атауға ие. Бұлар: «лақ көкпар», «серке көкпар», «тана көкпар», ойын тәртібіне, қатысатын адам санына, әдіс-тәсіліне қарай «мәре көкпар» (екі адам, екі топ серкені өз мәресіне апарып салады), «алып қашпай көкпар» (Серкені асып қашып жеткізбей құтылып кету), «айналма көкпар» (екі жақта бір ғана белгіленген жерге серкені апарып тастау түрі) деп те көкпар сан алуан түрге бөлінеді. «Бата көкпарды» кейбір зерттеушілер «Бота көкпар» деп те жазып жүр.
Бұрындары көкпарды үш бөлікке бөліп өткізетін-ді. Оны «Бірінші салым», «екінші салым», «үшінші салым» («Өгіз өлді») — деп атаған. Бірінші салымға 2-ден 10-ға дейін уақ мал (қой) немесе ақша тігілетін-ді. Екінші салымға ірі қара мал (қасына уақ мал қосып) немесе соған пара-пар ақша тағайындалатын еді. Үшінші салым — «өгіз өлдіге» кілем жабылған жылқы қойылды, кейін оның орнына кілем жабылған автокөлік те тігілді. Үшінші салым бір-ақ рет ойналса, алдыңғы екі салым тігілген малдардың санына қарай үш-төрт бөліп ойналды.
Қазақ дәстүрінде көкпар сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі күндері, түс ауа, сағат 2—-3-тердің кезінде ұйымдастырылуға тиіс. Көкпаршылардың саны көп болса, немесе олар алыс ауылдардан келсе, көкпарды екі мәреге тастаған. Қалған кезде бір мәреге ойнаған.
Көкпардың ритуалдық мәні мынада: Сайыста жеңген жақ, жеке шабандос көкпарын өзі қалаған бір үйдің есігінің алдына апарып тастаған. Бұл әлгі отбасы үшін үлкен қуаныш. Көкпаршылар көбінесе серкені ру ақсақалдарының, баласы көп немесе баласы жоқ шаңырақтардың есігінің алдына әкеліп «байлаған» және: «көгерт, көгерт» деп айтқан. Бұрындары халық «көптің тақымынан шыққан ет-дәрі, шипа болады», — деп көкпарды асып, бөлісіп жеген. Содан «Қоралы қойға қасқыр шапса, көк бөрінің аузы тиді, көк тәңірі қолдайды, енді мал басы көбейеді, өседі», деп сенген де.
Қазақстанда 1949 жылы Көкпар жарысының жаңа ережесі бекітіліп, соған сәйкес жарыс арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізілетін болып белгіленді. Ал, 1958 жылдан бастап көкпар бәйге алаңдарында (ипподромдарда) өткізілуде. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Яғни, оның тәртібі мынандай: «Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 метр, ені 100 метр; 10 адамнан болса — 500х200 м; 15 адамнан болса — 700х300 м; 20 адамнан болса — 1000х500 м. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, екі жағына диаметрі 10 метрлік шеңбер («Отау») сызылады. Алаң ортасында диамері 6 метрлік шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8—15 минут аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты — орталық шеңберде жатқан көкпарды өз командасының «отауына» жеткізу. Көкпар «отауға» жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда көкпарды өз «отауына» көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді» (ҚҰЭ, 4 том, Алматы, 2002).


11.07.2016 959
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA