04 декабря Воскресенье3:52
Астана
°C
Текущий номер
№ 46 Пятница
25.11.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Халал мен харам

Халал мен харам. 
Діни, ғылыми тұрғыда.
 Фото: aallah.com
Діни, ғылыми тұрғыда.
Өмірде ішетін тағамымыз бен сусынымыз да, жасайтын істеріміз бен қылықтарымыз да, тіпті ой-қиялымыз да халал, хара болып бөлініп жатады. Осындайда «Ол неге харам?» дейтін де сауалдар көп айтылады. Соған сәйкес кейбір тағам, ойын-сауық түрлерінің халал, харамдығы туралы дінтанушылардың әңгімесіне назар аударсақ.
Лотерея, кино, театр туралы
Юсуф әл-Кардауи: «Лотерея – құмар ойындарының бір түріне жатады. Өйткені лотерея ұйымдастырушылар әртүрлі сылтаумен өзгенің қалтасын қағып, тегін ақша жинайды. Ақша берушілер жалған үгітпен пәлендей қымбат дүние ұтып аламын деп еменсиді. Бұл, әрине, алдау мен алдану. Ал жиналған қаржының адал істерге ғана (бір тиынына шейін) жұмсалатынына кім кепілдік бере алады?
Кино, театр. Мұсылмандарға киноға, театрға баруға болады, бірақ мынандай шарттар сақталуы керек:
1. Кинофильмдердің, спектакльдердің мазмұнында шариат заңдарына, адамгершілік қағидаларына қарсы келетін түйткілер болмасын. Төсек айналасындағы ұят әрекеттерді көрсету, жезөкшелікті, зорлық-зомбылықты, қиянатшылықты дәріптеу де, соны қызықтау да күнә. Бір Алланың бірлігіне, барлығына күмән келтіретін шығармасымақтардан мұсылман баласының бойын аулақ ұстағаны дұрыс.
2. Киноға, театрға барған мұсылман өзінің мұсылмандық парызын ұмытып, мәселен, намазын қаза жібермеуі керек.
3. Киноға, театрға барған мұсылманның артынан әртүрлі өсек-аяң сөздер ермегені жөн. Мәселен: «Пәленше-екең түгенше-екеңнің некелі әйелін ертіп апарып, сол жерде жанасып қойыпты», – деген секілді.

Халал мен харамның аражігі
«Отбасы ғылымхалынан» (Алматы, 2011): «Аллаһ Тағала жер бетіндегі барлық жаратылысты адам игілігі үшін жаратқан. Бұл оның адамзатқа деген ерекше шарапаты. Бұл туралы Құранда: «Аллаһ жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты», – деп тікелей айтылады. Бірақ осы жер бетіндегі нәрселердің бәрін адамзат пайдаланса да, ішім-жемге келгенде солардың ішінен халалын ғана ішіп-жеуге тиісті. Алайда адам баласы қайсысының халал, қайсысының харам екенін біле алмайды. Сол себепті Хақ Тағала шариғат заңында сол халал мен харамды ажыратып бөліп көрсеткен. Яғни, жер бетіндегі жеуге қатысты нәрселердің қайсысын Құдай Тағала «халал» деп көрсеткен болса, онда ол халал, қайсысын «харам» деп көрсетсе, ол харам болмақ. Жаратқан Жаппар Иеге иман келтірген бір мұсылман әсте «мынау нәрсе маған пайдалы, ендеше, бұл халал болуы керек, мына нәрсе пайдасыз, ендеше, харам болуы керек» демей, Аллаһтың шариғатына мойынсұнуы парыз.
Пенде білмейді, Жаратқан біледі. Сондықтан «Манда» сүресінде: «Бүгін сендерге жақсы нәрсе халал етіледі», – десе, «Ағраф» сүресінде: «Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді харам қылады», – деп айқындап берген.
Ендеше, Құран мен хадистерде халал мен харам еттер туралы үкім айтылған. Осы заңдылыққа толықтай көз жүгіртетін болсақ, Құран мен сүннетте еті халал жан-жануарлардың тізімін емес, тек қағида өлшемдермен ғана шектелгенін байқаймыз. Олай болса, шариғатта айтылмаған жан-жануарлар сол өлшемдерге қатысты халал мен харам болып бөлінбек».

Доңыз еті неліктен харам?
Қайрат Жолдыбайұлы: «Доңыз ең әуелі бүкіл әлемдердің Раббы Алла Тағала «жемеңдер» деп тыйғаны үшін харам. Мұсылмандар Алла Тағаланың тыйған тыйымдарының астарлы хикметін, зиянын білмесе де «неліктен, неге?» – деместен дереу бойұсынуға тиіс. Себебі, оны бұйырып тұрған ұлы иеміз Алла Тағала. Мына дүниеге біздер сынақ үшін жіберілгенбіз. Алла Тағаланың адал еткен нәрселері шексіз, санасаң санап бітіре алмайсың. Ал, керісінше, харам еткен нәрселері санаулы әрі шекті. Солай бола тұра, кейбір адамдар осыншама адал нәрселерді ысырып қойып, Алла Тағаланың сынақ үшін харам еткен санаулы нәрселеріне барып ұрынады. Құдды ол харамды жемесе, яки ішпесе аштыққа ұрынатындай. Бойсұнудың ең ұлысы һәм ең сауаптысы – істің зияны мен пайдасын есепке алмастан, тек бүкіл әлемдердің раббы — Алла Тағала бұйырғаны үшін орындау. Мұнымен қоса, Алла Тағаланың тыйған кез-келген тыйымдарында бұл дүниелік һәм арғы дүниелік пайдалар бар екені де сөзсіз. Доңыз етінің харам болуының да әр түрлі хикметтері бар. Оларды қысқаша қайыратын болсақ:
1. Доңыздың денесінде улы заттар бар. Доңыз еті өте майлы келеді. Бұл май жеген адамның қанына сіңеді. Сөйтіп, қан май тұйіршіктеріне толып қалады. Қандағы өлшемінен көп бұл май артерия тамырларының қатаюына, қан қысымының көтерілуіне және жүрек талмасына себеп болады. Бұған қоса, доңыз майының құрамында (sutoksin) «сутоксин» делінген улы зат бар. Денеге енген бұл улы заттың сыртқа шығарылуы үшін лимфа бездерінің шамадан тыс жұмыс істеуі қажет. Ал бездердің бұлай шамадан тыс жұмыс істеуі, әсіресе, жас балалардың лимфа бездерінің асқынуына және ісінуіне әсерін тигізеді. Ауруға ұшыраған баланың тамағы қатты ісінгендіктен, доңыз кейпін елестетеді. Міне сондықтан бұл ауруға медицина тілінде «доңыз ауруы» (skofulos) делінеді. Ауру қатты асқынған жағдайда лимфа бездері жарақатқа айналып, қатты ісінеді, аурудың ыстығы көтеріліп, қатерлі жағдайға душар етеді.
2. Доңыздың денесінде көп мөлшерде күкірт болғандықтан, оны жеген адамның организмінде өлшемнен тыс күкірт пайда болады. Ал организмдегі өлшемнен тыс күкірттің болуы шеміршек, бұлшық ет және сіңірлерге сіңіп, буындарда тұз жиналу және омыртқаның жылжуы ияқты ауруларға себеп болуы әбден ықтимал. Доңыз еті жиі желінген жағдайда денедегі қатты шеміршектер сол доңыз етінен келетін бөлшектердің әсерінен тым жұмсарып, дене ауырлығына шыдамайтын халге келеді. Бұл буындардың босаңсуына әкеліп соғады. Доңыз етін жейтін адамдардың қолдары ісіп, денелерінде май қабаттары пайда болады. Мысалы, ол адам спортпен айналысқан күннің өзінде жалқау, жайбасар халге енеді.
3. Доңызда өсу гормоны да көп мөлшерде кездеседі. Бірнеше жүз грамдық салмақпен ғана туылған торапайлар алты айдың ішінде жүз килоға жетеді. Торайлардың мұншалықты тез өсіп, үлкеюі доңыздың денесіндегі өсу гормонының өте көп мөлшерде болуына тікелей байланысты. Бұл гормондар доңыздың етін жеген адамдардың денесіне де өтетіндіктен, ол адам организміне кері әсерін тигізеді. Денедегі тканьдардың ісіну мен қабынуына әкеп соғады. Мұрын, жақ, қол, аяқ сүйектерінің табиғи қалыптан тыс үлкейіп, өсуіне және жалпы дененің майлануына себеп болады. Гормондардың ең үлкен зияны – денеде қатерлі ісіктің (рактың) пайда болуына жағдай жасайды. Мал дәрігерлері еркек доңыздардың белгілі бір жастан кейін қатерлі ісік ауруына көптеп шалдығатындықтарын айтуда.
4. Доңыз етінің құрамындағы хистамин (histamine) және имидазол (imidazole) делінетін заттар адамның терісінде қышу тудырады, есекжем, бөртпе (экзема), дерматит сияқты тері ауруларға себеп болады. Бұған қоса, бұл заттар соқыр ішек, өт жолдары, тамыр ауруларына да көп жағдайда себеп. Сондықтан дәрігерлер жүрегі ауыратын адамдарға доңыз етін жемеуге кеңес береді.
5. Доңыздың етін жеу салдарынан адамда пайда болатын тағы бір ауру – трихина ауруы. Доңыздар бұл ауруды трихина атты құрттары бар тышқандарды жеу арқылы өздеріне жұқтырады. Доңыздардың денесінде бұл құрт көптеп кездеседі. Бірақ трихина ауруы доңыздарға қатты әсер етпейді. Ал адамдар үшін бұл ауру өміріне қауіп төндіретіндей қатерлі ауру болып саналады. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын барлық денеге тарайды. Трихина құрттары, әсіресе, жақ, тіл, мойын, жұтқыншақ және көкірек бұлшықтарының тканьдарында (тіндерінде) орналасады. Сондықтан осы мүшелердің бұлшықтарының тартылып қалуына (сал болуына) себеп болады. Бұған қоса, қан тамырларының бітелуіне, менингит және мидың асқынуына әкеп соғады. Трихина ауруы кей жағдайда адам өліміне де себеп. Бұл аурудың тағы бір жаман жағы нақты емінің болмауы. Трихина көбінесе батыс елдерінде кеңінен етек алған. Мал дәрігерлерінің қатты қадағалауына қарамастан, Швейцария, Англия және Польшада трихина ауруы кең тараған. Ал мұсылман елдерінде бұл ауру жоқтың қасы.
Медицина ғылымы дамығаннан кейін ғана доңыз етіндегі трихина сияқты зиянды құрттар мен микроптардың, улы заттардың бар екенін білудеміз. Ал Құран сан ғасыр бұрын доңызды «харам» деп кесіп үкім берген. Сондықтан доңыздың денесінде әлі де біз біле бермейтін, ғылым дәлелдей қоймаған зиянды нәрселердің жоқ екендігіне кім кепіл?
6. Адамдар мен жануарлардың табиғаты мен мінездерінің қалыптасуында жеген қоректерінің де рөлі бар. Мысалға, арыстан, қасқыр сияқты етпен қоректенетін аңдар жыртқыш болып келсе, керісінше сиыр, қой, қоян сияқты шөппен қоректенетін жануарлар жуас болып келеді. Көбіне көкөністермен қоректенетін адамдардың табиғаты жұмсақ, биязы болып келетіндігі, ал етті көбірек жейтін адамдардың табиғатының қаттылау болып келетіндігі анықталған. Қазақта адам мінезін суреттеген кезде жылқы мінезді, қой мінезді деуі де осы айтқандарымызды айқындай түседі. Доңыз – өзінің ұрғашысын қызғанбайтын, мейірімсіз хайуан. Сондықтан доңыз етін көптен пайдаланатын адамдарда жарына, тіпті анасына деген бөгде еркектердің арам пиғылына қарсы намыс, қызғаныш сезімдері әлсірейді екен. Мұнымен қатар, мейірім, қанағат секілді қасиеттеріне айтарлықтай қаяу түсетіні байқалған. Француз ойшылы Саворин қоректенудің маңыздылығын түсіндіре келе: «Маған немен қоректенгеніңді айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген екен».
* * *
Халал өмір сүріп, халал тамақ ішіп, адамдармен халал қарым-қатынаста болу – өзіңмен бірге балаларыңның, немере, шөберелеріңнің де бақытты өмір сүруіне жарқын жол ашады, тұрмысың берекелі, мерекелі болады. Олай болса, харамнан безініп, халалды қалауың – ұрпағыңның тағдырын ойлағаның.


17.10.2016 598
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA