АСТАНА АЙНАСЫ

Өсімдік, жеміспен емдеу

Өсімдік, жеміспен емдеу

Халық емінің ежелгі тәсілдері.

Қай халықтың да өмірлік тәжірибесінде түрлі сырқаттарды өсімдіктермен, жеміс-жидекпен емдеп, жазу тәсілдері бар. Бұл біріншіден, адам ағзасына зиянсыз, екіншіден, тіршілік иесінің тәнін дәрумендермен байытуда өте пайдалы.

Жүгерімен

Жүгеріні «дала аруы» деп тегін атамаған. Одан жасалтын дәрілер көптеген ауруларға ем. Жүгерінің дәні мен шашағы ғана емес, тамыры, жапырағы да дәрі.

Негізгі қасиеті: несеп жүргізеді, өтті молайтады, қан қысымын төмендетеді.

Жедел және созылмалы бүйрек қабынуға, несеп азайғанда 31 г жүгері шашағы мен 6,5 г арпа мұртын бұқтырып ішу керек.

Қан қысымы көтерілгенде жүгері шашағын шай ретінде демдеп ішкен жөн.

Несеп жолына тас байланған болса жүгерінің жас тамырын немесе 70 г мөлшердегі жапырағын суға қайнатып ішсе пайдалы.

Созылмалы холецистит сырқатына 2 ас қасық жүгері шашағын 300 г қайнап тұрған суда жарты сағат бұқтырып, астан 15 минут бұрын күніне үш реттен ішу керек. Бауырдың вирустық сырқатына шашақты шай орнына алты ай бойы ішуге болады.

Әйел түсік тастаған кезде, еттеккір тоқтату кезінде қан кетіп қиналған жағдайда 2 ас қасық шашақ үгітіндісін 300 г қайнап тұрған суға салып, термоста 8 сағат ұстайсыз. Осыдан соң оны сүзіп, әр жолы 2 ас қасықтан астан екі сағат бұрын ішесіз. Күніне 5-6 рет.

Жүректің кінәратына, дене ісінгенде 1 ас қасық жүгері шашағын 300 г қайнап тұрған суға салып, баяу отта жарты сағат қыздырасыз. Бір сағат бұқтырып, суы азайса қайнаған сумен толықтырып, 1-2 ас қасықтан астан 20 минут бұрын ішесіз. Бір қайнатқан қайнатпаны бір күнде тауысу керек. Емделу барысы 15 күн.

Тамырлардың тарылып, ұмытшақтыққа 25 г жүгері майын күнделікті аспен бірге қабылдап отырса, жүйкенің қозуы басылып, өзіңізді сергек сезіне бастайсыз. Ұйқыңыз да жақсарады. Осы майды өт сұйықтығының қойылуына да ем ретінде ішуге болады.

Бастың созылмалы ауруына жүгері майынан 1 ас қасықтан тамақтан соң ішіп отырса пайдалы.

Іш қататын болса күнде жатарда 1 стақан айранға 1 шай қасық жүгері майын қосып ішу керек.

Ұйқы қашып шаршайтын болсаңыз, күн сайын жатарда жүгері майын желкенің шұңқырына жағып 7-8 минут уқалау керек. Үлкен буындарға да жағуға болады.

Асқабақ дәнімен

Ылғалды тарелкаға асқабақ тұқымдарын салып жылы жерде ұстасаңыз, 7-8 күнде көктеп шығады. 3-4 күндік жаңа өскінді 3-5 градустық жылы жерге қойып пайдалануға болады. Бастауыш сынып балаларына, студенттерге емтихан тапсырар алдында берсе, сабақ үлгерімі жақсарғанын ғалымдар зерттеген. Асқабақ тұқымы өскінінің құрамындағы цинк – мидың жұмыс қабілетін арттырып, ақыл-ойдың кемелдеуіне ықпал жасайды. Ұйқыны оңалтып, есте сақтауды жақсартады. Сонымен қатар, тұқымның жас өскінінде ішек құртын түсіріп, зәрді айдайтын қасиет бар. Асқазан-ішек жұмыстарын реттеуге қатысып, өт сұйықтығын бөлуге жәрдемдеседі. Ағзаның су және тұз айналысын жақсартып, дерттерге қарсыласу қабілетін көтереді.

Асқабақ тұқымы өскінін үнемі пайдаланған ерлер мен әйелдердің жыныс без жұмыстарын жасартып, қуық бұлшықетін нығайтады. Бүйрек пен бауырдың созылмалы ауруын бәсеңдетеді.

Сұлымен

Темекіні тастау үшін, 1 кг жуылған сұлыны ыдысқа салып, үстінен 1 литр су құйып отқа қоясыз. Баяу отта жарты сағат қайнату керек. Судан сұлыны сүзіп алып тастайсыз да, әлгі суға 2 ас қасық қырмызыгүл салып 8 сағаттай жылы орап қойыңыз. Қырмызыгүлді сүзіп тастап, күніне 2 стақаннан жылытып ішу керек. Екі апта бойы ішсеңіз, темекіге тәбетіңіз тартпай, өзіңіз-ақ одан бас тартатын боласыз. Дәрілік сусын таусылып қалса, оны қайтадан осындай жолмен даярлап алып қолданыңыз.

Арпа, қарабидай, сұлұ, тарының әрқайсысынан 10 грамнан қосып, 1 литр суда баяу қайнатасыз. Ыстықтай термосқа құйып бір тәулік ұстайсыз. Келесі күні таңертең ашқарынға 100 грамм суынан ішесіз. Бұл темекі тартуға ынтаны тежеп, тіпті темекінің иісін иіскесе басты айналдырып, жүректі айнытуға дейін апарды. Әрине, бір стақанын ішкеннен кейін дереу темекіні тастап кете аламын деп ойлау қате, үзбей ішіп отырғанда әсер етеді.

Иістікөкпен

Адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай өсімдіктер арасында иістікөк сәбізден кейін екінші орынды иеленеді. Оның жас жапырақтарында С дәрумені мен эфир майы көп мөлшерде кездеседі. Онымен адамдар ежелден көптеген ауруларды емдей білген.

Жыныс мүшесі мен қуық жолдары қабынған кезінде оның қан тамырларының жұмыс қабілетін арттыру үшін таңертең және түстік аспен бірге міндетті түрде иістікөкті пайдалану керек. Сонымен қатар, иістікөк пен сәбіздің 1:3 қатынасында шырынын ас қасықпен ішіп отырса сырқатты жеңілдетіп, алдын алады.

Қаназдық мазалағанда күн сайын иістікөктің 2-3 бумасын қара нанмен жеген жөн.

Зәр бөгеліп, содан дене ісінсе иістікөктің 7-8 талын жарты литр суда қайнатып 20 минут бұқтырып қою қажет. Сосын сүзіп, суын күніне 3-4 реттен бөліп ішу керек. Сонымен қтар, зәр жолына, қуыққа тас байланғанда 1 ас қасық кептіріліген тамыр ұнтағын жарты литр қайнап тұрған суға салып, жабық ыдыста бұқтырасыз. Сүзіп алып, суын ас алдында күніне үш рет қабылдайсыз.

Жүрек сырқатынан дене домбыққанда иістікөк жапырағы мен тұқымынан 1 ас қасықтан алып, бір жарым стақан қайнап тұрған суға салып, су моншасында баяу отта 2 сағат ұстайсыз. Ас алдында ішіп отырасыз.

Көздің көру қабілеті нашарлағанда ұйықтар алдында иістікөктің жас тамырын жуып бір стақан суға ұсақтап турап саласыз да, баяу отқа қоясыз. Көзіңізді ашып буына тосасыз. Қажетінше жалғастыруға болады.

Созылмалы пакреатитке жарты келі иістікөктің жапырағын кұмнан жасалған ыдысқа салып жылы сумен жуып, үстіне толтыра сүт құясыз. От жағатын пештің қыздыратын жеріне қойып, үштен бір бөлігі қалғанша буландырып бұқтырасыз. Сағат сайын 2 ас қасықтан ішесіз. Сүттің мөлшері таңғы сағат 8-ден кешкі 20-ға дейін жетуі қажет.

Қуық асты безінің қабынуына иістікөктің жас тамырынан сығылған 1 ас қасық шырынды күніне үш рет ішіп 20 күнге созу керек. Арада 10 күн демалыс жасап қайта жалғастыруға болады.

Есте сақтайтыны, иістікөктен жасалған мұндай дәрілік сусындарды, тұнбаларды жүкті әйелдер, бүйрегінің нефриті бар адамдар, буыны сырқырайтындар ішуге болмайды.

Герань гүлімен

Герань бөлме гүлдерінің ішіндегі емдік қасиеті мол көпжылдық өсімдік. Оның жас жапырағы күйікке, жаңадан пайда болған жараларға жапсырса тез жазылуына көмектеседі. Тері ауруларының ішінде қышымаға, бөрткендерге пайдалы.

Гераньның үйде өсіп тұрғанының тамырын алып, ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдыққанда қайнатып ішу керек. Оның жапырағы мен тамырын шомылуға астауға қосады. Ол үшін 1 литр суға 3 ас қасық гераньның үгіндісін қайнап тұрған суға салып, үш сағат бұқтыру қажет. Осыдан соң астаудағы шомылатын суға қосады. Бұл орталық жүйкені тыныштандырып, тері сырқаттарының алдын алады.

Мөлшерден тыс көп келетін етеккірге 1 ас қасық жапырағын алып, бір стақан суға 3-5 минут баяу қайнатып бұқтыру керек. Суы азайса қайнаған су қосып, әуелгі қалпына келтіруге болады. Әр жолы 2 ас қасықтан астан бұрын күніне үш рет ішкен жөн. Осы суға 4 еседей қайнаған су қосып, жылыдай жатырды жуу керек.

Самай, маңдай, жүйке ауырған кезде үйде өсіп тұрған гераньның бірнеше жапырағын жуып тазартып, ауырған жерге басады. Әр 2-3 сағат сайын ауыстырып, бірнеше рет қайталасаңыз, көпке дейін жүйке сырқатын ұмытасыз.

Алқым безінің сырқатына 10-20 тал жапырағын таза банкіге салып, үстінен 40 градустық спирт құйып, бір ай қараңғы жерге қояды. Осыдан соң шөбін сығып алып тастайды да, тұнбадан бір ас қасықты асқа дейін жарты сағат бұрын күніне үш рет ішу керек.

Тістің түбі ісініп, түбі босаса 4-5 тал жапырақты сығып, қайнап жылыған суға қосып, күніне 2-3 рет ауызды шайқаған дұрыс.

Қайыңмен

Медицина қайың жапырағын, бүршігін, гүлін және шырынын емге қолданады. Қолданылу аясына қарап, қайыңды емдік ағаш деп атауға да болады.

Қайың бүршіктері дәріхананың дәрілерінің тең жартысын алмастыра алады. Қайың бүршігінің тұнбасы – зәр шығарушы ретінде пайдалы. Жүрек ауруына аса шипалы. Бүршікті эмальды кастрөлге салып, бір стақан су құйып, 15 минут қайнатып тұнба дайындайды. Суыған соң стақанға сүзіп, стақан толғанға дейін қайнаған су құйып араластырып, астың алдында жарты стақан ішеді.

Қайың жапырағынан да тұнба жасап, оған жарты шай қасық ас содасын араластырып ішеді. Жапырақ тұнбасын сарп (ревматизм), құяң ауруларына қарсы қолданады.

Алмамен

Балалар мен әйелдердің қан аздығының алдын алуға алманың пайдасы көп. Алма күйік шалған, сынған немесе жұқпалы ауруға шалдыққан адамдардың ағзасының қайта қалыптасуына шипалы. Сондай-ақ буындарды бекітіп, ісікті қайтарады. Көлемі жағынан үлкен сұрыпты алманың құрамындағы йод көлемі бананға қарағанда 8 есе, апельсинге қарағанда 13 есе көп. Сондықтан алма алқым ісуінің алдын алушы деп есептеледі.

Асқазан жарасы, өт жолы, қышқыл көптігі мен гастритте алма керісінше, ауруды қоздыруы мүмкін. Бірақ ондай жағдайда алманы мүлде жемей қою керек деген түсінік болмауы керек. Ондайда алманың тәтті сұрыптарын қабығынан аршып жеуге болады. Алманың ағзаға қажеттілігі сондай, қант диабетімен ауырып, қатаң диетада жүргендерге де дәрігерлер құрамында қанты аз сұрыпты алманы жеуге рұқсат береді.

Алмұртпен

Алмұрт жеп шаршағанды басуға, мазасыздық пен ұйқысыздықтан арылуға болады. Медицина мамандары кеңседе отырып жұмыс істейтіндерге шаршаңқылық, торығу, ұйқысыздық пен жүйке жүйесінің бұзылуының алдын алу үшін алмұрт жеуді ұсынады.

Диетологтар алмұрттың құрамындағы дәрумендердің молдығынан асқорыту жүйесінің жұмысын белсенді жүргізетінін айтады. Алмұрт ағзаны тазалайды, терінің өңін жақсартады, сонымен қатар табиғи күш беруші болып табылады.

Күнделікті екі алмұртты ашқарында немесе тамақтан соң жарты сағат өткеннен кейін жеп жүрсе, адам өзін сергек сезінеді.

Қызылшамен

Мұрыннан су аққанда қызылша қайнатылған сумен шаяды. Шикі қызылшаның шырынын тамызып та емдейді. Ол үшін қызылша шырынын 1 күн қойып, кішкене ашытып алады. Мұрынға күніне бірнеше рет 2-3 тамшыдан тамызса, тыныс алу жеңілдеп, мұрыннан аққан су тоқтайтын болады.

Сол сияқты қызылша шырынын балмен араластырып қолдануға болады. Ондай қоспаны күніне 4-5 рет 5-6 тамшыдан тамызады. Әсіресе, балаларды емдеуде осы әдіс түрін қолдану оң нәтиже береді. Шырынды шикі қызылшадан және қайнаған қызылшадан да алуға болады. Қызылшаны үккіштен өткізіп, сонан соң шырын сыққышқа салады. Шырынды сүзіп пайдаланады.

20.01.2012 0 7649
Поделиться
(Голосов: 6, Рейтинг: 3.27)