АСТАНА АЙНАСЫ

Құрбандық шалу тәртібі  . Бүгін – қасиетті мейрамның бірінші күні

Құрбандық шалу тәртібі

Бүгін – қасиетті мейрамның бірінші күні
- Аса мейірімді де рахымды Аллаһ Тағаланың атымен бастаймын!


Арафа күні мен түні

Бұл – қасиетті мейрамның алғашқы күні қарсаңындағы мезгіл. Ислам дініндегі бар-лық қасиетті күндер мен түндер тәрізді арафаны да (арапа) қастерлеуге тиістіміз. Ислам дінінің дағуатшылары арафа күні мен түні туралы хадис-шәріптерде былай деп айтылған дейді:

«Арапа күнін құрметтең-дер! Өйткені, арапа – Аллаһ Тағала қадірлеген күн».

Ташриқ тәкбирі

Зулхижжа айының бес күні, яғни Арафа күні мен кейінгі Құрбан айттың үш күні – «Айямут – ташриқ» (ташриқ күндері) деп айтылады. Осы күндері парыз намаздарынан соң ташриқ тәкбирі айтылады.
Ташриқ тәкбирін айту Арафа күнінің таң намазынан басталады, содан Құрбан айттың төртінші күнінің аср намазында аяқталады.

Ташриқ тәкбирі:
«Аллоһу әкбар, Аллоһу әкбар. Лә иләһә илләл – лоһу, уоллоһу әкбар. Аллоһу әкбар уә лилләһил – хәмді». Ташриқ тәкбирін айту – ер адамдарға уәжіп, әйел, мүсәпірге шарт емес. Тек мүсәпір оған ұйыса, ташриқ тәкбирін айту – уәжіп. Ташриқ тәкбирін жалғыз да, жамағатпен бірге де айтуға болады. Жамағат ер-әйел аралас болса, тәкбирді әйелдер ер адамдарға естіртпей, ақырын айтуға тиісті.

Құрбан айтта орындалатын амалдар

Қасиетті Құрбан айт күндері мұсылмандарға мынандай амалдарды жасау – сүннет.
1. Ерте тұру. 2. Ғұсыл құйыну. 3. Мисуақ қолдану. 4.Хош иіс себіну. 5. Жаңа және таза, бүтін киім кию. 6. Араздасып қалғандарды татуластыру. 7. Қабірге зиярат ету. 8. Жүзік тағу. 9. Жылы жүзді болу. 10. Мешітке ерте бару. 11. Мешітке бара жатқан- да тәкбір айту. 12. Кездескен мұсылмандарға сәлем беру. 13. Мұсылмандарды мейрамымен құттықтау. 14.Кедейлерге садақа беру. 15.Туыстарға бару. 16. Діні бір бауырларға бару. 17. Сыйлық апару. 18. Қонақтарды күту. 19. Көп дұға оқу, тәубе ету. 20. Құрбандық шалатын жағдайда пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес айт намазын оқып болғанша ішіп-жеуден тиылу.

Құрбандық – ізгі ғибадат

Құрбандық – Аллаһ Тағалаға жақындық үшін Құрбан айт күндері ғибадат ету ниетімен мал шалу. Пітір садақасы кімге уәжіп болса. құрбандық шалу да оған міндет. Алайда құрбандық шалуға отбасының жағдайы келмесе, қарызданып қиналмағаны жөн. Құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ол әркімнің өз нәпсісінің өтемі ретінде шалынады. Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін шын ықыласпен құрбандыққа шалынған малдың ең бірінші аққан қанымен оны шалған мұсылманның бар күнәсінің кешірілетіні баян етілген. Қасиетті Құран Кәрімнің «Кәусар» сүресінің аятында: «Намаз оқы және құрбан шал» деп айтылған. Ал Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шәрібінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын», «Уа, халайық! Әр жылы, әрбір үйге құрбандық шалу – уәжіп», - деген.
Ислам дінінде ғибадат мынандай үші түрлі жолмен орындалады:

1. Денемен.
2. Малмен.
3. Дене және малмен.
Құрбандыққа мал шалу бізге хазіреті Ибраһим (ғ.с.) сүннетті ретінде жетіп отыр. Құдіреті күшті Аллаһ Тағаланың хазіреті Исмаилдың (ғ.с.) орнына аспаннан көк қошқарды түсіріп, оны құрбандыққа шалдыруы адамзатқа берген ұлы нығметі, шексіз мейірімі. Жаратқан Иеміз өзінің осы қайырымдылығымен сол уақытқа дейін әдет болып келген адамды құрбандыққа шалуды тыйып, адамзатты бұл қаралы да қайғылы істен құтқарды.

Құрбандық қашан бұйырылған?

Құрбандық шалу һижраттың екінші жылында Мәдина Мунаууарада ғибадат сипатында уәжіп етілген. Құран, сүннәт және ижмағпен құрбандықтың сахих (дұрыс) ғибадат екендігі дәлелденген. Айша анамыздан имам Термизи, имам Ибн Мажаһ риуаят еткен ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадис-шәрібінде құрбандық ша-лудың ізгі амал екендігі туралы былай деп айтылған: «Адам баласы үшін Құрбан айт күндері Аллаһ Тағала жолында қан шығарудан (құрбандыққа мал шалудан) артық амал жоқ. Сол құрбандыққа шалынған мал қиямет күні мүйіз, жүн және тұяқтарымен (куәлікке) келуінде күмән жоқ. Құрбандық жерге құламастан бұрын оның қаны Аллаһ Тағала құзырында сый орнына барып түседі. Олай болса, құрбандықты шын көңілдеріңізбен шалыңыздар!».

Құрбандық үкімі

Пітір садақасы да, құрбандық шалу да әрбір мұсылманға уәжіп болғанымен, пітір садақасының құрбандықтан үкімі басым. Өйткені Ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрбандықты сүннет амалына жатқызатын да хадистері бар. Құран Кәрімде құрбандық шалу ашық бұйрық ретінде айтылмайды. Алайда оған байланысты аяттар келтірілген. «Хаж» сүресінде Ибраһим пайғамбарға (а.с.) байланысты аятта былай деп айтылған: «... Сондай-ақ, өздеріне берілген малдардан белгілі күн-дерде Аллаһтың атын айтып, құрбандық шалсын. Одан өз-дерің де жеңдер және жоқ-жітікке де жегізіңдер». «Біз әрбір үмбет үшін өздеріне берілген малдардан, Аллаһтың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік».

Құрбандық шалу кімдерге міндет?

Құрбандық шалу уәжіп (міндет) болуы үшін оған ниеттенген адамдарға мынандай шарттар қойылады: 1. Құрбандық шалатын адам мұсылман болуға тиісті.
2. Ол ақыл - есі бүтін, түрмеден, қамаудан азат болуға тиісті.
3. Балиғат жасына толуға тиісті.
4. Құрбан айт күндері жолда (сапарда) болмауға тиісті.
5.Отбасының тұрмыс қажет-тілігінен тыс нисап мөл-шеріндегі қаржысы, малы болуға тиісті. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе оның құнына тең ақша. Нисап (нисаб) – араб тілінде құрбандықты уәжіп ететін байлық мөлшері деген мағынаны білдіреді.
Тұрмыстық негізгі қажет: тұрғын үй, үй жиһазы, мініс көлігі, киімдер, өзіне, отбасы мүшелеріне бір жылға жетерлік азық-түлік.
Бұрын қу тақыр кедей болып келіп, Құрбан айт күндері байып кеткен кісіге де құрбандық шалу – уәжіп. Біреуге ақшалай – заттай қарыздар болып, аруа-қтарды ардақ тұтқаны т.б. жақсылықтары үшін мал атап, соны бермей жүрсең, Құрбан айт күндері ондай қарыз, пары- здарыңнан құтылғаның - өзіңе сауап.

Құрбан шалудың уақыты

Құрбандық шалу Құрбан айттың бірінші күніндегі айт намазынан кейін басталады. Құрбандық шалу Құрбан айттың үшінші күніндегі ақшамға аз уақыт қалғанда тоқтатылады. Мұхаммед пай- ғамбар (с.ғ.с.) : «Бірінші орындайтынымыз мерекелік намаз, содан соң құрбандық. Кім осылай істесе, біздің сүн-нетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбандығын шалса, оның жәй кездегі отбасы қажеті үшін берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұл құрбандыққа жатпайды», - деген. Құрбандықты мейрамның алғашқы күні шалған жақсы. Құрбандықты айттың бірінші, екінші, үшінші күндері екінді намазына дейін, яғни кешкі сағат 18-ге дейін шалған жөн. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету қажет.

Құрбандыққа шалынатын малдар

Құрбандыққа мына малдарды шалуға болады:
1. Қой. 2. Ешкі. 3. Түйе. 4.Ірі қара.
Бұл малдарға қойылатын шарттар:
Түйе – бес жасқа, ірі қара мал (еркек, тартылғаны, ұрғашысы) – екі жасқа, қой, ешкі – бір жасқа толған болуға тиісті. Алты айлық тоқтының (бағланның) денесі үлкен болса, ол да құрбандыққа жарайды. Тоқал, мүйізсіз туылған малды құрбандыққа шалуға болады. Қотыр мал да семіз болса, сойыла береді. Қой, ешкі, түйе, ірі қарадан басқа мал құрбандыққа шалынбайды. Құрбандыққа шалынатын малдардың еті семіз болуға тиісті.

Құрбандық шалмай, орнына садақа беруге болады ма?

Құрбандықта малдың қан-ын ағызу негіз. Сол себепті құрбандықтың орнына сада- қа беруге, ол малдың құнын төлеуге болмайды. Бұл мұсыл-манды құрбандық шалу міндетінен босатпайды.

Құрбандыққа жарамайтын малдар

Денесінде мынандай ақа-уы, сырқаты бар малдар құрбандыққа жарамайды:
1. Екі немесе бір көзі соқыр болса.
2. Өте арық болса.
3. Сойылатын жерге өз бетінше жүріп бара алмайтындай халде болса.
4. Тістері тегіс жоқ болса.
5. Құйрығы, құлағы, басқа мүшелерінің үштен бір бөлігі-нен көбісі жоқ болса.
6. Желіні кесіліп қалған болса: қойда, ешкіде – бір, сиырда – екі желіні кесіліп қалған болса құрбандыққа жарамайды.
7. Дәрі егіліп, соның әсерінен желіні тартылып қалса, сүті шықпай қалған болса (суалып).
8. Артқы немесе алдыңғы бір аяғы кесілген ақсақ болса. Алайда үш аяқтап жүріп, төртіншісімен тек тұяғын жерге сүйейтіндей халі болса ондай мал құрбандыққа жарай береді.
9. Мал көп уақыт бойы таза азықпен бағылмай, нәжіс азық-пен қоректеніп келсе.
10. Малдың мұрны тесілген болса.
11. Ауруға ұшыраған мал да құрбандыққа жарамайды.
12. Аңдар, құстар құрбан-дыққа жарамайды.
13. Желіні тартылған кәрі, емізулі төлі бар малдарды құрбандыққа шалмайды. Олай жасаса мәкрүһ болады.

Құрбандық малын бауыздау, сою

Қолынан келсе, құрбандық иесі малын өзі бауыздайды. Қолынан келмесе, сенімді біреуді өзіне өкіл етіп, соған малын бауыздатып, сойғызады. Тек мал иесі құрбандық шалынып жатқанында оның қасында тұруға тиісті. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар қызы Фатимаға (р.л.ғ.) былай деген: «Әй, Фатима! Құрбандығыңның алдына бар. Малың шалынып жатқанда өзің де сол жерде бол! Себебі, малдың әуелгі қан тамшысымен бірге барлық күнәларың кешіріледі».

Жолаушылап кеткен адам басқа мемлекетте жүріп, өз елінде құрбандық шалғысы келсе, өз өкілі арқылы өз жерінде құрбандық шала алады.

Құрбандыққа мал шалғанда айтылатын тәкбір

1. Құрбандыққа шалынатын малды ұрып-соғып, қинамай сойылатын жеріне жеткізеді.
2. Түйеден басқа малдарды сол жамбасына жатқызады. Малдың басы құбылаға қаратылады.
3. Мал шалатын кісі әуелі: «Аллоһу әкбар, Аллоһу әкбар. Лә иләһә илләл-лоһу уол-лоһу әкбар. Аллоһу әкбар уа лилләһил-хәмді» - деп тәкбир айтады. Содан соң: «Бисмилләһи, Аллоһу әкбар», - дейді де өткір пышақпен малды бауыздайды.
Малды бауыздар алдында: «Бисмилләһ, Аллоһу әкбар», «Бисмилләһ» немесе «Субыхан – Аллоһ» - десе де болады.

Бірігіп құрбандық шалу

Қой – ешкіні бір адам құрбандыққа шала алады. Түйе, ірі қараны жеті адамның бірігіп құрбандыққа шалуына рұхсат етіледі. Мұндай жағдайда олардың бәрі де құрбандық шалу ниетімен ортақтасады. Егерде жеті адамның біреуі малдың етіне ортақтасуды ғана мақсат тұтып біріксе, мұндай мал құрбандыққа жатпайды. Сондықтанда құрбан-дық шаларда біріккен жеті адамның ниетін жеке-жеке сұрап білгеннің айыбы жоқ. Жабир атты сахаба айтқан көрінеді: «Біз Пайғамбарымызбен бірге бір қараны жеті кісі атынан, түйені де жеті кісі атынан шалдық»,- деп.

Құрбандықтың еті мен терісі

Әрбір адам (бай ма, кедей ме, ұлық па, бәрі бір, М.С.) құрбандыққа шалған малының етін жей алады. Шариғат оған рұхсат етеді.

Ал енді құрбандыққа шалған малының етін үшке бөліп тарату – мұстахап. Құрбандыққа шалған малының таза етінің бір бөлігін – туған-туыс, көрші-леріне (бай болса да) сыйға тартып, екінші бөлігін – кедей, мүсәпір адамдарға, үшінші бөлігін өзінің отбасына, бала-шағасына береді, асып жегеннен кейін аруақтарға Құран бағыштайды.

Құрбандыққа шалынған малдың етін тұтастай өзінің отбасына да қалдыруға болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын сатуға болмайды. Олай жасаса – мәкрүһ. Құрбан-дыққа шалынған малдың етінен қасапшыға төлемақы ретінде беруге болмайтыны естеріңізде болғаны жөн. Құран Кәрім: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».

Өлген кісі үшін құрбандық шалу

Қайтыс болған кісі өз атына құрбандық шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын аруаққа бағыштау ниетімен Құрбан айт күндері құрбандық шалуға, оның етінен жеуге болады. Егерде бір кісі өлер алдында туған-туыс, бала-шағасына өзі үшін құрбандық шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, оны орындауға болады, тек аманат етілген мұндай құрбандықтың етін жеуге болмайды (аманатпен құрбандық шалған адамға), оны басқаларға садақа ретінде таратып береді. Олардың мұндай құрбандық етін жеуіне рұхсат әрі сауап.

Құрбандыққа шалынған малдың жеуге болмайтын жерлері

Шариғат шарты бойынша құрбандыққа шалынған, басқа уақытта да сойылған малдың мына жерін жеуге болмайды: 1. Аққан қанын. 2. Жыныс мүшесін. 3. Бездерін. 4.Қуығын. 5. Өтін. 6. Жұмыр-тқа безін.

Ақиқа және нәзір құрбаны

Жаңа туған нәрестенің шашына «ақиқа» делінеді, Аллаһ Тағаланың оны нәсіп еткеніне шүкіршілік айтып, құрбандық шалса, оны «ақиқа» құрбаны дейді. Ақиқа құрбаны сәби жеті күнге толғаннан кейін шалынады. Ақиқа құрбанын сәби балиғат жасына толғанға дейін шалуға болады. Сәбидің ең алғаш шашы алынғанында құрбандық шалу – мұстахап. Ақиқа құрбанын ер балаға да, қыз балаға да шалады, оның етін жеуіне, садақа ретінде таратып беруіне болады. Ақиқа құрбанын шаларда былай дейді: «Бисмиллаһи, Аллоһу әкбар. Аллаһым, бұл сенің ризашылығың үшін шалынған құрбандық баламның (аты-жөні айтылады) ақиқа құрбаны».

Аңсаған арманы, қалаған ісі орындалғанында, Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін ниет етіп немесе «осы сырқатымнан сауықсам бір малды құрбандыққа шалармын-ау», - деп уәде етіп, кейін уақыты келгенінде оны орындаса, шалынған малы – «нәзір құрбаны».

Нәзір құрбанына шалынған малдың етінен иесіне, отбасына,бала-шағасына, әке-шешесіне, немере-шөберелеріне жеуге болмайды. Оны садақа ретінде таратып береді.

Құрбан айт мүбәрак болсын, мұсылмандар!

8718
(Голосов: 3, Рейтинг: 3.4)
Поделиться:
INFOPAINTING