АСТАНА АЙНАСЫ

Ұлттық салт-дәстүр

Ет турау, бас ұстау
Қонағасыда ет тураудың өзі үлкен өнер. Осы орайда есте болатын жағдайлар:
1. Етті қабырғадан бастап турамайды. Үлкендердің айтуынша, «Қабырғадан бастап ет турау-кедейліктің белгісі». 2. Етті жіліктен, басқа да қадірлі мал мүшелерінен бастап турайды.
3. Жамбасты турағанда етін көлденеңінен бір ет, бір май қылып турау қажет. Әйтпесе, қонақтар еттің қара кесегін ғана жеп, майын қалдырып қояды, ет толық желінбейді.
4. Ет турайтын адам әр жілікке мүжитіндей ет қалдырып, ұсынады. Қонақтар қолындағы жіліктерін мүжіп отырғанда ет те туралып болады.
5. Жамбас ұстаған қонақ оның басынан мөлшермен үштен біріндей ет қалдырып, «Төр табақтан сыбаға», - деп дастархан жаюшы отағасының әйеліне немесе келініне ұсынады. Сыбаға ұсынған адам қадірлі, үлкен кісі болса, келін сәлем жасайды.

6. Бас ұстаған қонақ ең бірінші, қолындағы пышақпен бастың маңдайын тігінен бір, көлденеңінен бір тіледі. Бұл – «Төрт құбыламыз түгел, төрт түлігіміз сай болсын», - дегендіктің белгісі.

7. Мұнан кейін бастың оң жақ езуінен (малдың үстіне мінер жағы, өзіңе басты қарата ұстағандағы оң жағы) бір кесіп алып ауыз тиеді де, табаққа екі-үш жапырақ турап, жан-жағындағыларға бастан ауыз тигізеді.
8. Сосын бастың бір құлағын дастарқандағы немесе сол үйдегі балаға береді де, басты үй иесіне қайтарады.
9. Егерде бас пен жамбас қатар тартылса немесе жілікпен бірге келсе де, олардың етінен біраз турап алып, оны отағасының әйеліне немесе келініне «Төр табақтан сыбаға», - деп ұсынады.
10. Пышақты ет табақтың үстіне салып апарғанда пышақтың сап жағы қонаққа қаратылып апарылады.
11. Қонақтардың қолына су құю ет жер алдында дастарханның оң жағынан басталады. Ет жеп болған соң қолға су дастарханның сол жағынан бастап құйылады.
12. Қолға су құйған балаға «Көп жаса», «Бақытты бол», - деп бата беріледі. Қолға су құйғанда шылапшынды жерге қоймайды.

4456
(Голосов: 1, Рейтинг: 2.93)
Поделиться: